СҚО-да бір тәулікте бес мас жүргізуші ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 27 қаңтар күні басталған «Мас жүргізуші» операциясы аясында бір тәулікте 5 мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл ауданының 37 жастағы тұрғыны мінген Chevrolet Niva автокөлігін полицейлер аудан орталығы Пресновкада тоқтатқан. Жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру ер адамның мас күйде рөлге отырғанын растады. Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды және аудандық сотқа жіберілді. Ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, «Мас жүргізуші» операциясының алғашқы күнінде жол қозғалысы ережесі 477 рет бұзылғандығы анықталған. Көлік басқару құқығынан айырылған 24 жүргізуші, жылдамдықты асырған - 28 және маневр жасау ережесін бұзғаны үшін – 13 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін 70 жүргізуші, рөлде телефонмен сөйлескен 52 жүргізуші жауапқа тартылды.

«Басты міндет, әрине, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасымен бірге қаңтардың 21-і мен 31-і аралығында «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы өткізіліп жатыр. Мұнда басымдық оқушыларға беріледі. Балаларға жол қозғалысы ережелері туралы, жолды кесіп өту, велосипедпен жүру ережелері сияқты әңгіме жүргізіледі» - деді Айдын Байматов.

Жыл басынан СҚО жолдарында 30-дан астам мас жүргізуші ұсталды.

Соңғы жаңалықтар