СҚО-да бір центнер балықты заңсыз аулағандар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың бір мыңнан астам дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданында бірнеше балықшы жалға берілген көлден рұқсат құжатынсыз балық аулаған. Олардан бір центнерден астам балық тәркіленді. Алынған пелядь балығы көл иесіне қайтарылды.

М. Жұмабаев ауданында балықшы тыйым салынған ауды қолданып, 60 кг астам балық аулаған. Онда балық аулауға рұқсат беретін құжат болмаған.

Ал Шал ақын ауданының тұрғыны 78 түп қайыңды кесіп, отынға сатқан. Шығын сомасы 288 мың теңгені құрады. Мұндай көлемде заңсыз ағаш кесуге қылмыстық жауапкершілік бар.

Тағы төрт солтүстікқазақстандық Артемия салинаны заңсыз жолмен өндіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Олардан шаянның 30-дан астам қабы тәркіленді. Заң бұзушылар Тайынша ауданы Зеленый Гай ауылының маңында ұсталған.

«СҚО-да жыл басынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 1182 дерегі анықталды, ең көп аңшылық ережелері бұзылады. Биыл осындай 416 факті анықталды. Балық аулау саласында 256 құқық бұзушылық тіркелді, 10 факті заңсыз ағаш кесумен байланысты», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Асхат Қожабаев.

Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері заңсыз аң және балық аулау, ағаш кесу және табиғи ресурстарды пайдаланудың шығын сомасына және құқық бұзушылықтың басқа да жағдайларына байланысты әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктің барлығын ескертуде.


Соңғы жаңалықтар