СҚО-да бір аптада коронавирус жұқтырғандар 1,2 есе артты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен аптада 1046 адам КВИ жұқтырып, ауырғандар саны 1,2 есе артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлованың айтуынша, өңірде COVID-19-ға қатысты жағдай тұрақсыз, ауырғандар саны артып келеді. Тек соңғы бір аптада жұқтырғандар саны 882-ден 1048-ге жеткен. Петропавл мен Қызылжар ауданында – 1,2 есе, Уәлиханов ауданында – 2 есе, М.Жұмабаев ауданында – 1,8 есе, Айыртау ауданында – 1,4 есе, ал Тайынша ауданында 1,3 есе артқан. Ауырғандардың 88% ауру белгілері болған.

«Өңір 12 шілдеден бері «қызыл» амақта. Бірақ жағдай тұрақталар емес, қайта ушығып барады. Бұған коронавирустың «дельта» штамының таралуы және тұрғындардың карантиндік шектеулерге атүсті қарауы себеп. Тұрғындар босаңсып, маска тақпайтын болған, санитайзерлерді бірен-саран адам қолданады. Қоғамдық көлікте жүргізуші де, жолаушылар да маскасыз. Біз қазір мониторингті күшейтіп, талапты сақтамайтындарды жазалайтын боламыз. Айыппұлдың мөлшері үлкен – 80 мың теңге шамасында. Карантиндік шектеулерді ұстануға шақырамыз», - дейді Татьяна Горлова.

Жағдай осылай жалғасатын болса өңір «қоңыр-қызыл» аймаққа өтуі мүмкін. Ал, бұл, қосымша шектеулерге алып келеді.

«Қоңыр-қызыл» аймаққа қай уақытта өтеміз? Оның бір факторы – инфекциялық стационарлардағы орындар 70% толған жағдайда. Қазір жаңадан инфекциялық орындар ашу мәселесі қаралып жатыр. Біз, ол деңгейге дейін жетпейміз деп ойлаймын, алайда ол үшін тұрғындардың түсіністігі және шектеу шараларын сақтауы міндетті. Отбасылық той-томалақтар тыйылған жоқ. Мұндай жағдайда жақын арада біз де «қоңыр-қызыл» аймақтан табылуымыз мүмкін», - дейді департамент басшысының міндетін атқарушы.

Жалпы, СҚО-да соңғы аптада мыңнан астам адам КВИ жұқтырса, олармен 1732 адам байланыста болған. Байланыста болғандардың 403-і екпе алған, сол себепті олар үй карантиніне жіберілген жоқ. Сондай-ақ ауырғандардың арасында вакцина алғандар тіркелмеді.

Бұған дейін бүгіннен бастап өңірде карантиндік шектеу шараларының күшейтілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар