СҚО-да бір аптада 6,5 мыңнан астам адамға коронавирус вакцинасы егілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар тарапынан коронавирус вакцинасына сұраныс артты. Осы күнге дейін 21 мыңға жуық адамға екпе егілсе, соңғы аптада 6,5 мың адам вакцинаның бірінші компонентін қойғызған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 1 ақпаннан бастап 20 912 адам алды. Екінші компоненті 3 907 адамға салынды.

«Вакцина салғызғысы келетін тұрғындар саны артты. Мәселен 13 сәуір күні екпенің бірінші компонентін 14 644 алса, бір аптаның ішінде ол шамамен 6,5 мың адамға көбейген. Облыс вакцина егу жоспарын артығымен орындап жатыр. Екінші компоненті осы күнге дейін 3907 адамға егілді. Қазір оны негізінен мұғалімдер салдырып жатыр», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

СҚО – коронавирусты жұқтыру бойынша «сары аймақта». Өткен тәулікте қауіпті инфекцияны жұқтырудың жаңа 27 жағдайы тіркелді. Жалпы ауырғандар саны – 13 641. Олардың 13 108-і тәуір болды. Осы аралықта 42 адам қайтыс болды. Қазір облыстағы инфекциялық стационарлар 34 %-ға толған. 18 адамның жағдайы ауыр.


Соңғы жаңалықтар