СҚО-да бір аптада 500-ден астам адам электрондық цифрлық қолтаңба алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары өңірдің шалғай елді мекендерін аралап, тұрғындарды электрондық қызмет алуға үйретуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, департамент және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалымен бірлесе жасаған кестесі бар. Соған орай мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары барлық ауылдық округтерді және еңбек ұжымдарын қамтымақ.

«Үйде отырып мемлекеттік қызметті алу әсіресе шалғайдағы елдімекен тұрғындары үшін ыңғайлы. Сол себепті мамандар ауыл-ауылды аралап, тұрғындарды үйретіп жатыр. Сондай-ақ семинарлар тек мемлекеттік қызметкерлерді ғана емес, жекеменшік ұйымдардың жұмысшыларын да қамтиды.

Іс-шара барысында E-gov порталында сұранысқа ие анықтамаларды алу жолы түсіндіріліп, көрсетіледі. Олардың құқықтары түсіндіріліп, бір реттік смс-құпия сөзді енгізу және TelegramBot Egov.Kz. сервисін қолдану арқылы мемлекеттік қызмет алу тәсілдері көрсетілді. Бұдан басқа тұрғындарға мемлекеттік қызмет сапасын бағалауға мүмкіндік беретін Digital agent мобильді қосымшасы таныстырылады", - дейді департамент өкілдері.

Өткен аптада мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары Тайынша, Тимирязев аудандарының бірнеше ауылдық округінде, Есіл, Аққайың, Уәлиханов аудандарындағы Кәсіпкерлер палатасының филиалдарында және Ұлттық Ұлан Әскери институтында, Петропавлдағы бірнеше мекемеде болды. Нәтижесінде 801 адам оқытылып, 500-ден астам адам электрондық-цифрлық қолтаңба алды.

Мамандардың айтуынша, электрондық қызмет алуды әр адам өздігінен облыстың мектептері мен әкімдіктерінде орналасқан өзіне өзі қызмет көрсету орындарында үйрене алады.

Соңғы жаңалықтар