СҚО-да бидайдан жанармай қоспасын өңдейтін зауыт іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында бидайды жанармай өндірісіне қолданатын зауыт салынып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр крахмал-глютен өңдейтін өндіріс желісі іске қосылды. Биыл соның екінші желісін қостық. Бұл - Қазақстандағы бидайды терең өңдейтін жалғыз зауыт. Жобаның құны – 11 млрд теңге», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Оның айтуынша, мұндай зауыттар әлемде санаулы.

«Өңдеу көлемі – жылына 3 мың тоннаға дейін жетеді. Келесі жылдың басында осы зауытта биоэтанол өңдейтін желі іске қосылады. Биоэтанол дегеніміз – жоғары сапалы бензин алуға қажет қоспа. Бүгінде бензин өндіру кезінде метанол қоспа ретінде қолданылады. Бұл – газды қайта өңдеу арқылы алынатын өнім. Автомобиль түтінінен қоршаған ортаның ластануына осы метанолдың әсері жоғары. Метанол бізге түгелдей шетелден импортталады. Алматы сияқты ірі қалаларда ауаның ластануына осы метанол себепкер. Ал егер жанармайды биэтанол арқылы алуды жолға қойсақ, қоршаған ортаға тасталатын улы түтіннің мөлшерін айтарлықтай азайтар едік. Жобаға салынған инвестицияның көлемі 11 млрд теңгеге жуық», - дейді ол.

Аталмыш зауытта 500 адам жұмыс істейтін болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін СҚО-да қанша көпбалалы отбасы баспаналы болатыны туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қанша гектар жер мемлекетке қайтарылатыны және туризм саласын дамытуға мүмкіндік көп екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар