СҚО-да бес жылда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 42 жоба жүзеге асты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 10,4 млрд теңгенің 42 жобасы жүзеге асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ өкілдері кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдері онлайн қосылды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Аслан Нұрсейітовтың айтуынша, өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық саласын қамтыған.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заң қабылданғаннан бері СҚО-да 42 келісім шарт жасалды. Тартылған инвестиция көлемі – 10,4 млрд теңге. Оның 9,3 млрд теңгесі қайтарылуы керек болса, осы күнге дейін кәсіпкерлерге 3,9 млрд теңгесі төленді. Биыл осы механизм арқылы 7 жоба жүзеге асады. Оның екеуі білім, біреуі – денсаулық сақтау, екеуі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қамтыса және біреу жолға қатысты», - дейді Аслан Нұрсейітов.

Соның ішінде қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы да бар.

«Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ өкілдерінің пікірінше, пандемияның салдарынан жобаға қатысуға тілек білдірушілер азайған.

«Тағы бір себебі – жоба механизмінің күрделілігі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік елімізде 2016 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұрыннан қатысқандар оның мүмкіндіктерін көріп, білді. Бұл жерде тез, әрі оңай табысқа жету мүмкін емес. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – ұзақ уақытқа бағытталған жоба. Сондай-ақ қазір мектеп құрылысына басымдық беріп жатырмыз. Өйткені елімізде әлі күнге дейін екі-үш ауысымда оқытатын және ескі мектептер бар. СҚО-да да білім ордаларына сұраныс жоғары. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы кәсіпкерлер бұл жобаларға қатыса алады», - дейді «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ фронт-кеңсе жобаларының басқарушысы Махаббат Исабекова.


Соңғы жаңалықтар