СҚО-да балықшылар мінген көлік су қоймасына батып кетті (ФОТО)

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасында ішінде балықшылар отырған «Нива» көлігі мұздың астына батып кеткен. Бұл туралы облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Ағымдағы жылдың 23 қарашасында сағат 17-лер шамасында Шал ақын ауданындағы Сергеев қаласынан 10 шақырым жердегі Сергеев су қоймасында «ВАЗ-21213 Нива» маркалы жеңіл көлік мұздың астына батып кетті», - делінген хабарламада.

28 жастағы жүргізуші мен оның қасындағы үш азамат балық аулауға шыққан. Олар су қоймасына таңғы сағат 8-дер шамасында келіп, жағадан 30 метр жерге тоқтаған. Шамамен күндізгі сағат 17-де ер адамдар көлікке отырып, қозғалған, сол кезде жүргізуші мұздың бетінде пайда болған жарықшақты байқаған. Көліктің алдыңғы бөлігі қалыңдығы 20 см болған мұздың астына бата бастаған. Судың тереңдігі шамамен 1,5 метр болған. Көлік иесі мен жолаушылар «Ниваның» бүйір есіктері мұз құрсауының астында қалғандықтан, артқы есіктен шығып үлгерген. Болған оқиға туралы хабарлама жеткен Шал ақын аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері төрт балықшыны қауіпсіз жерге жеткізді. Олар ауруханаға қаралудан бас тартты. 24 қарашада Сергеев су қоймасында жеңіл көлікті судан алып шығу бойынша апатты-құтқару жұмыстары басталды. 20-дан астам адамның күш салуымен «Нива» судың астынан Есіл өзенінің жағасына шығарылды.

Соңғы жаңалықтар