СҚО-да балықшылар қауіпті болса да мұз бетіне шығып жүр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар төтенше жұмыс режіміне көшті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, көктемде күннің жылуына байланысты оқыс оқиға болу қаупі артады. Құтқарушылар судағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударады. Әуесқой балықшыларды мұз бетінің жұқарғаны да тоқтата алмай отыр. Демалыс күндері олардың саны өте көп болады.

«Ескертуге қарамастан, ең қауіпті жерлерді таңдайды. Көбінесе құтқару кеудешелерін кимейді және шағын аумаққа көп адам шоғырланып алады», - деп атап өтті баспасөз қызметінде.

Петропавлдағы Есіл өзенінің ең қауіпті аймағы - «Восточный берег» дәмханасынан қалалық жағажайға дейінгі маңай.

Құтқарушылар қар еритін кезде мұздың үстінде жүру қауіпті екенін балықшыларға түсіндірді, судағы оқыс жағдайда қалай әрекет ету керектігін үйретті.

«Біз үшін №1 міндет - адамдардың қауіпсіздігі. Үнемі рейд жүргізіп, балықшылармен сөйлесеміз. Міндетті түрде құтқару кеудешесі болу қажет деп айтамыз», - деді құтқару бөлімшесінің бастығы Сергей Черкасов.

Құтқарушылардың айтуынша, олар үнемі байланыста және тәулік бойы кезекшілік етеді. Есілдегі су деңгейі сәуір айында көтеріледі деп күтілуде. Облыстағы өзен-көлдерде сеңді жару жұмыстары басталып кетті.

Автор: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар