СҚО-да балық аулау тәртібін бұзғандарға 1,3 млн теңге айыппұл салынды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы балық аулау тәртібін бұзғандарға 70 әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, былтыр өңірде заңсыз балық аулауға қатысты 149 әкімшілік хаттама толтырылған.

«Заң бұзушылықтардың 146-сы – ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 1-бөлігі «қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерін жүзеге асыру қағидаларын бұзу» бойынша, үшеуі - ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 3-бөлігі «тыйым салынған мерзімде, тыйым салынған құралдармен немесе тәсілдермен, тыйым салынған орындарда балық аулау қағидаларын өрескел бұзуға» қатысты. Жеке тұлғалар үшін 5 АЕК-тен 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, заңды өрескел бұзған жағдайда оның мөлшері 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды», - дейді облыстық балық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Андрей Лопацкий.

Осылайша былтыр балық аулау тәртбін бұзғандарға 2 млн 406 мың теңгенің айыппұлы салынған, оның 2 млн 231 мың теңгесі өндіріліп алынды. Браконьерлерден 1 қайық және рұқсат етілмеген түрлі 8 ау тәркіленді. Бұдан басқа көлдерден иесіз 60 балық аулау құрал-жабдығы алынған.

«Биыл айыппұл мөлшері 15 мың мен 61 мың теңге аралығында. Алайда заңсыз балық аулаушыларға бұл тоқтау салмай отыр. Жыл басталғалы бері балық аулау тәртібін бұзғандарға, заңсыз сату, тасымалдаумен айналысқандарға 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұлдың жалпы сомасы – 1 млн 329 мың теңге. Оның 1 млн 114 мың теңгесі өндіріліп алынды. Бұдан басқа 11 ау тәркіленді, иесі анықталмаған 77 балық аулау құралы алынды», - дейді Андрей Лопацкий.


Фото: static.wixstatic.com



Соңғы жаңалықтар