СҚО-да баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестен өткізу үшін 2-3 айлап күту қажет

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ерекше білім беруге қажеттіліктері бар баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестен өткізу үшін 2-3 айлап кезек күту қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес – әртүрлі мамандардың баланы кешенді диагностикадан өткізетін комиссия. Соның қорытындысына қарай баланың қандай мектепте - жалпы білім беретін немесе арнайы оқу орнында дәріс алатындығы анықталады.

Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңеске кезек көп.

AMANAT партиясы СҚО филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес балалар психологтарында консультацияларды ұзақ күту себептерін анықтады.

Мекеме басшылығының айтуынша, қазір 238 бала комиссия қабылдауын күтіп отыр. ⠀

«Өкінішке орай, еліміздің заңнамасына сәйкес бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес 60 мың балаға қызмет көрсетуі тиіс. Салыстыру үшін: шет елдерде 7 мың балаға – бір кеңес. Алдағы уақытта заңнамадағы талап 50 мың балаға дейін азайтылса, Қызылжар ауданынан тағы бір осындай мекеме ашылуы мүмкін», - деді AMANAT партиясы СҚОФ жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің хатшысы Роза Шәкенова.

Қазіргі уақытта СҚО-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға осындай үш комиссия ғана жұмыс істейді. Олар Сергеевкада, Талшықта және облыс орталығында орналасқан.

Петропавлдағы мекеме қала мен бес ауданда тұратын балаларға қызмет көрсетеді. Яғни облыс орталығындағы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қарауында 84 мың бала бар.

Облыстық ПМПК педагог-психологы Елена Мащенконың айтуынша, қазіргі заң бойынша екі кеңестің жұмысы үшін бұл сан аз, ал біреуі үшін – тым көп жүктеме. Сол себепті балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету мерзімі ұзаққа созылған.



Соңғы жаңалықтар