СҚО-да балаларына алимент төлемей жүрген ана өзге өңірден табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер сот шешімімен немесе сот орындаушылардың қаулысымен іздеу жарияланған алиментшілерді іздестіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, акцияның бірінші күні балаларына алимент төлемеген немесе басқа төлемдер бойынша берешегі бар 7 адамның жүрген жері анықталды.

СҚО Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның көші-қон қызметінің мамандары Қостанай облысындағы әріптестерінің көмегімен екі қызына алимент төлемей жүрген әйелді іздеп тапты. 43 жастағы «көкек» ана осыдан 5 жыл бұрын отбасын тастап кеткен. Қазір оның балалары алдындағы қарызы 600 мың теңгеден асады. Ал қыздар әкесімен бірге Солтүстік Қазақстан облысында тұрып жатыр.

«Акция 9-11 желтоқсан аралығында өтеді. Іздеуде жүрген адамдардың жүрген жерін анықтап, барлық ақпаратты сот орындаушыларына береміз. Олар қарызды өндіріп алу бойынша одан әрі іс-шараларды жүргізеді», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Қазақстандағы банктердің біріне қарыз 40 жастағы ер адамды полицейлер Ресейдің Омбы қаласында тапты. Тәртіп сақшылары акцияның бірінші күні 3 алимент төлемеушінің және 4 борышкердің тұрғылықты мекенжайларын анықтаған.


Соңғы жаңалықтар