СҚО-да балалардың инфекциялық бөлімшесі модульдік ауруханаға көшірілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық көпсалалы балалар ауруханасындағы инфекциялық бөлімше жаңа модульдік инфекциялық ауруханаға көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО көпсалалы балалар ауруханасының мәліметінше, қазіргі уақытта бөлімшені және онда ем алып жатқан 40 кішкентай сырқатты көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар энтеровирус және түрлі инфекцияларды, баспа ауруын жұқтырған.

Модульдік инфекциялық аурухана ғимаратына көшірілген балалар инфекциялық бөлімшесі 85 сырқатқа шақталмақ. Оның 75-і инфекциялық орындар, қалғаны жансақтау палаталары болады.

Бұған дейін балалар инфекциялық бөлімшесінің қызметін атқарып келген ғимарат ескірген. Ата-аналар тарапынан да нысанның жайсыздығына қатысты көптеген наразылық, өтініш айтылды. Сондықтан да ғимаратты жөндегеннен гөрі, пайдалануға екі жыл бұрын берілген модульдік ауруханаға көшіру тиімді деп шешім қабылданды.

Кезінде коронавирус науқастары үшін салынған Петропавлдағы модульдік аурухана 200 орынға есептелген. Заманауи стандарттарға сай жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Өкпенi жасанды тыныстандыру, УЗИ, рентген аппараттары және компьютерлiк томограф орнатылған.

Жаңа ауруханада науқастарға барлық жағдай жасалған. Әр палатадағы төсек орын оттегiге қосылған.⠀


Соңғы жаңалықтар