СҚО-да балалардың демалыс лагерьлері 17 маусымда ашылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалардың жазғы демалыс лагерьлері 17 маусымнан бастап ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, балалардың демалыс және сауықтыру лагерьлерінің ашылуы эпидемиологиялық жағдаймен тығыз байланысты болмақ. Әзірге 17 маусымға жоспарланған. Лагерьлер жаздың соңына дейін балаларды бес рет қабылдамақ. Маусым 10 күнге шақталған.

23 367 оқушыны Петропавл маңындағы «Ақ қайың» мен «Достық» балалар лагерьлері қабылдайды. Қазір бұл демалыс орындарында балаларға жақсы жағдай жасауға әзірлік жүргізіліп жатыр.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков демалыс лагерьлерінің дайындығын өз бақылауына алды. Жауапты бөлімге балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тапсырма берді. Жазғы уақытта оқушылармен жұмыс істейтін педагогикалық ұжымға және корпустардың санитарлық жағдайына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жалпы, 26 мамыр мен 19 маусым аралығында білім беру мекемелерінде орта және жоғары буын оқушыларына арналған жазғы мектеп жұмыс істемек. Жұмыс екі бағыт бойынша жүргізіледі: олимпиадалық резерв мектебі және қашықтан оқуға байланысты туындаған білім олқылықтарының орнын толтыру. Сабақтар санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, оффлайн режимде өтеді.

Бұған дейін Болат Жұмабеков мектептегі спорт алаңдарының жағдайына назар аударған еді. Әкім жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін әрқайсысын тағы да тексеруді тапсырды. Қала басшысы спорттық жарыстар мен турнирлер өткізу үшін аула клубтарының жұмысын ұйымдастыруды міндеттеді.

Сондай-ақ, облыс орталығында мобильді топтар құрылып, құқық бұзушылықтардың, жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың алдын алып, балалардың қадағалаусыз қалуын болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар