СҚО-да балалар жазғы демалысты этноауыл лагерінде өткізеді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданында «Саржайлау» атты этноауыл сауықтыру лагері жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саржайлау» этноауылы СҚО Аққайың ауданындағы № 3 Смирнов орта мектебінің жанынан ашылды. Аумаққа киіз үй құрылып, қазан-ошақ орнатылды, алтыбақан құрылды. Жаз уақытында бұл жерде 210 бала тегін дем алады.

«Саржайлау» этноауыл сауықтыру лагері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылды. Мақсат – балалардың демалысын қызықты, әрі пайдалы етіп ұйымдастыру. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді дәріптеп, насихаттамақшымыз. Балаларға, оқушыларға ұмыт бола бастаған дәстүрлерді үйретеміз, көрсетеміз. Бұл жерде біздің мектептің ғана емес, басқа да оқу ордаларының балалары келіп, демалысын өткізеді», - дейді мектеп директоры Раиса Нұртазинова.

Этноауылдағы әр күн жоспарланған. Бүгін қыздар жағы нан илеп, бауырсақ пісіруді үйренді. Даладағы ошаққа піскен сары бауырсақты этноауылдың ашылу салтанатына келген қонақтарға ұсынды. Сондай-ақ оқушылар бұл жерде жүн түту, алаша тоқу, қамшы өру секілді қол өнерімен танысады. Бесасық, асық ату, сақина тастау, сиқырлы таяқ секілді ұлттық ойындар ойнап, қазақтың ауыз әдебиетімен танысады.

Этноауыл жаз бойы жұмыс істеп, оқушыларды 4 кезеңмен қабылдамақ.


Соңғы жаңалықтар