СҚО-да балалар лагеріне жолдама 42 мың теңге тұрады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жазғы демалыс лагерлері 17 маусымнан ашылады, биыл жолдама құны 42 мың теңге болып бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің аппараттық кеңесінде оқушыларды жазғы каникул уақытында лагерьлермен қамту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру мәселесі қаралды.

Биыл Петропавлда ғана 25,5 мың бала демалыспен қамтылмақ, соның 1,8 мыңы – тұрмысы төмен, көп балалы, мүгедек отбасылардың балалары және жетімдер. Бұл санатқа жататын оқушыларға лагерьге жолдама тегін беріледі.

Жалпы биыл Солтүстік Қазақстан облысында жолдама құны 42 мың теңге тұрмақ. Ал жазғы лагерьлердегі демалыс 17 маусымда ашылады.

Лагерьлерде 4 сауықтыру маусымы болады, оның әрқайсысының 10 күнге шақталған. Петропавл оқушылары «Березка» мен «Достық» лагерьлерінде демалады. Қазіргі уақытта бұл нысандарда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Петропавл әкімі демалыс лагерьлерін балаларды қабылдауға алдын ала дайындауды тапсырды. Түрлі ауруларды тарататын кеміргіштерге және шыбын-шіркейге қарсы дәрілеу жүргізілуі қажет. 28 мамыр мен 14 маусым аралығында төсек-орын өңделіп, лагерьлердің аумағында дезинсекция жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ өртке қарсы шаралар да пысықталады.

Сондай-ақ биыл демалыс нысандарында тереңдіктегі ұңғымалар темірден пластикке айыстырылмақшы. Қазіргі уақытта лагерьлердің ғимараттарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін СҚО-да аз қамтылған отбасынан шыққан 11 мыңға жуық баланың лагерьде тегін демалатынын айтқан едік, осы мақсатқа жергілікті қазынадан 71 млн теңге бөлінді.
Соңғы жаңалықтар