СҚО-да бағалы шаянды заңсыз аулады деген күдікпен 9 адам ұсталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұзды көлден шаян тәріздес Artemia salina-ны заңсыз аулады деген күдікпен 9 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бағалы табиғи ресурс – шаянтәріздес жәндік Artemia salina-ны заңсыз аулаудың жолын кесті.

«Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатқан мобильді топ Сенжарка ауылы маңындағы тұзды көлге жақын жерде тексеру үшін «Audi», «Lexus» және «ГАЗель» автокөліктерін тоқтатқан. «ГАЗель» көлігінде құрамында Artemia salina шаяндарының цисталары болуы мүмкін құм тиелген 40 қап анықталды, жол талғамайтын көліктен тағы 10 қап алынды. Осылайша Artemia salina-ны заңсыз аулады деген күдікпен облыс орталығының және СҚО аудандарының 9 тұрғыны ұсталды. Оларда бағалы жәндікті өндіруге құқық беретін құжат болмады.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бойынша тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.

«Болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамаларды өткізгеннен кейін өңірдің табиғатына келтірілген шығын көлемі белгілі болады.

Artemia salina шаянын фармацевтика және косметология саласында қолданады, «қара нарықта» сұранысқа ие. Әдетте, шығын көлемі миллиондаған теңгені құрайды. Бағалы шаянды заңсыз аулаудың бұл биылғы алғашқы жағдайы», - дейді Жамбыл ауданы полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов.


Соңғы жаңалықтар