СҚО-да азық-түліктің қай түрлері қымбаттады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚАЗИНФОРМ - Солтүстік Қазақстан облысында қазан айындағы ең төменгі күнкөріс және инфляция деңгейі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Статистика департаментінің мәліметінше, қазан айында ең төменгі күнкөріс деңгейі 27 354 теңгені көрсеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 18%-ға жоғары. Шығындардың басым бөлігін ет пен балық, сүт және жұмыртқа, жеміс пен көкөніске кеткен қаражат құрайды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің құны 12 309 теңгені құраған.

«Қазан айында Солтүстік Қазақстан облысындағы инфляция деңгейі 0,5% құрады. Өткен айда азық-түлік тауарлары 0,4%-ға, азық-түлік емес тауарлар - 0,8%-ға, ақылы қызметтер - 0,4%-ға қымбаттаған», - делінген статистика департаментінің хабарламасында. 

Аталмыш аймақта нан, жұмыртқа, қант, май, ұн, дәнді дақылдар, макарон өнімдері, кондитерлік тағамдар, ет, алкогольді және алкогольсіз сусындардың бағасы көтерілді. Статистика департаментінің айтуынша, жемістер, көкөністер, балық және теңіз өнімдерінің бағасы, керісінше, арзандаған.   

Солтүстікқазақстандықтарға бүгінгі күні құрылыс материалдары, киім-кешек пен аяқ киім, тұрмыстық техника бағасы қымбатқа түсіп тұр. Қонақ үйлер мен мейрамханаларда қызмет көрсету бағалары қымбаттаған, ойын-сауық орындары мен түрлі агенттіктердің бағалары да еселенген.

Бағалардың көтерілуі шамамен 0,1-7,2% көлемінде. Қалай болған күнде де, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы жалақысы ең төмен аймақтардың қатарына кіретін Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының отбасылық бюджетіне кері әсерін тигізбей қоймайды.  

Соңғы жаңалықтар