СҚО-да әйел өліміне қатысты полицияның учаскелік инспекторы ұсталды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицияның учаскелік инспекторы қызметі бойынша әрекет етпеді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

11 шілде күні СҚО Жамбыл ауданы Бауман ауылының маңында 51 жастағы әйел оқ жарақатын алды. Зардап шегуші аудандық ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болды. Сол күні әйел елді мекен шетіне жидек теруге шыққан екен.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, осы қылмысты жасады деген күдікпен қаза тапқан әйелдің 65 жастағы жерлесі ұсталды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі «абайсызда адам өлтіру», 287-бабының 3-бөлігі «атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, ұстау, өткізу» бойынша айып тағылды.

Бұдан басқа, ҚК-тің 370-бабының 4-бөлігі «қылмыстық құқық бұзушылық жасады» деген күдік бойынша (қызмет бойынша әрекетсіздік) Жамбыл ауданы Озерное ауылының жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бұрынғы учаскелік инспекторы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Күдіктінің полиция қызметкері бола отырып, қылмыс жасаған, яғни абайсызда адам өлтірген адамның жанында бола отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өзінің лауазымдық міндеттерінің аясына кіретін іс-әрекеттер жасамағаны алдын ала анықталды. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Облыстық полиция департаментінің Қылмыстық істер бойынша тергеу басқармасы жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр, сот сараптамалары тағайындалды, күдіктілердің іс-әрекеттері тергеу барысында түпкілікті сараланады. Тергеу барысын облыс прокуратурасы бақылауына алған.


Соңғы жаңалықтар