СҚО-да автогаз бен дизель отыны қымбаттады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармай стансаларында газ бен дизель отыны қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде солтүстікқазақстандықтар автокөлікке құятын газ бағасының бірден шамамен 30 теңгеге қымбаттауына байланысты наразылықтарын білдіріп жатыр. Автокөлік иелерінің айтуынша, оның өзі кей жанар-жағармай стансаларында еркін саудада жоқ. Көгілдір отын тек талонмен ғана босатылып жатыр. Бұған дейін өңірде дизель отынының да жетіспеушілігі байқалса, енді кейбір стансаларда оның литрі 315 теңгеден саудаға шығарылды.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облысты газбен қамтитын 8 ұйым бар. Олардың біреуі өздерінің стансаларында көгілдір отынның литрін 110 теңгеден сатып жатыр.

«СҚО-ға ай сайын 5 800 тонна газ зауыттардан белгіленген баға бойынша жіберіледі. Қалған қажеттілікті газбен қамтушы ұйымдар электронды алаң арқылы еркін бағаға сатып алады. Міне, осылайша аукцион арқылы қымбатқа сатып алған бір ұйым қазір газды өз стансаларында 110 теңгеден саудалап жатыр. Қалған стансаларда баға 85-95 теңге аралығында. Ал дер кезінде қор жасап алмаған 4 ұйым қазір газды тек талонмен ғана жіберіп жатыр. Мәселені шешу үшін қыркүйек айында Энергетика министрлігіне хат жазып, қосымша 1,5 мың тонна көгілдір отын алдық. Қазан айына тағы мың тонна сұраттық», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбеков.



Соңғы жаңалықтар