СҚО-да ауылға сапасыз жол салған компания сотта жауап берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Заградовка ауылының жолын сапасыз жөндеген компанияға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, «Kaz Fortis» ЖШС-ні сотқа Есіл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген. Мердігер компания осы аудандағы Заградовка ауылының жолын сапасыз жөндеген. Келісімшарт бойынша сотта жауап беруші аудандық маңыздағы KTES-72 автожолына орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек еді. Алайда компания міндеттемесін тиісті деңгейде орындамаған.

Сот үкімі бойынша компания 580 мың теңге айыппұл төлеп, 1,2 шақырым жолды күн жылынысымен қалпына келтіретін болды. Ал серіктестікті мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы деп тануға сот бас тартты. Өйткені аудандық бөлім компанияны мемлекеттік сатып алудан шеттету жөнінде сотқа уақытында, яғни бір айдың ішінде шағымданбаған.

Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу бойынша заңның бұзылуына байланысты облыс әкімі мен прокурорға, СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жеке ұйғарым жіберілді.

Айта кетейік, Есіл ауданынан Заградовкаға дейінгі 6 шақырым жолды орташа жөндеуге былтыр республикалық бюджеттен 340 млн теңге бөлінген. Қараша айында жол тапсырылды. Алайда, бір ай өтпей шұрқ тесілді. Бұл, қоғамда резонанс тудырды.


Соңғы жаңалықтар