СҚО-да ауылға келген 58 дәрігерге 87 млн теңге көтермеақы берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауылға жұмысқа келген 58 дәрігерге 87 млн теңге көтермеақы беріліп, баспана мәселесі шешіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өңірде дәрігер жетіспеушілігі мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Облыстың емдеу мекемелеріне 230 маман керек. Соның ішінде 27 терапевт, 21 педиатр, 15 анестезиолог-реаниматолог, 15 акушер-гинеколог және 10 хирург қажет.

Биыл медициналық жоғары оқу орындарының 169 түлегі Қызылжар өңіріне келуі керек, келісім бойынша, олардың 86-сы жұмыс істеуге елді мекендерге барады. Қазірдің өзінде олардың жартысына жуығы қызметтеріне кірісіп кетті.

Айыртау ауданына биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс күші артылған Түркістан облысынан 4 дәрігер келді. Солардың бірі Мырзатай Байжұман Айыртау аудандық ауруханасына учаскелік терапевт болып жұмысқа орналасты. Зайыбы биология пәнінің мұғалімі, қазір декреттік демалыста. Екі баласы бар отбасыға аудандық әкімдік 3 бөлмелі пәтерді тұруға берді. Қазір олар 1,5 млн теңге көтермеақы алу үшін құжаттарын жинап жатыр.

Былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдағы 26 дәрігерге 4,377 млн теңге көтермеақы және 11-іне баспана алуға 39 млн теңге бюджеттік несие берілді. Ал биыл 10 дәрігерге 2 млн жуық теңге көтермеақы бөлініп, 7 дәрігер 26,5 млн теңге бюджеттік несие алды.

Облыстық мәслихаттың шешімімен дәргерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында былтырдан ауылға жұмысқа келген әр маманға 1,5 млн теңгеден беріле бастады. 2018 жылы осы мақсатқа 40 млн теңге жұмсалса, биыл 58 дәрігер 87 млн 240 мың теңге алды.

Петропавл қаласында 80 пәтері бар «Дәрігерлер үйі» бар. Бұл жерде баспанасы жоқ жас мамандар тұра алады. «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы аясында «Жас өркен» ықшам ауданынан медициналық қызметкерлерге 23 пәтер бөлінді. Биылдан бастап 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары беріле бастайды. Алғашқы 100-і жас мамандарға берілмекші.

Соңғы жаңалықтар