СҚО-да ауылға қатысты бағдарламаны жүзеге асырудағы проблемалар талқыланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясының филиалы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асырудың түйіткілді мәселелері» тақырыбында кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл кездесуге «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевтың депутаттық сауалы негіз болған. Партия көшбасшысының пікірінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы екі жылдан бері жүзеге асып жатқанымен, негізгі жұмысын атқара алмай отыр. Бұл жоба түрлі бағдарламалардың басын біріктіріп, жауапты ұйымдардың жұмысын үйлестіру арқылы, жүйелі жұмыс істеуі қажет еді.

«Бағдарламаны жетілдіру қажет. Ол қазір «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі ғана секілді. Ауылға қатысты мәселе көп қой. Соның бірі – жұмыс күшінің жоқтығы. Жастар қара жұмысты істегісі келмейді. Мұның бәрі дұрыс тәрбиенің жоқтығынан. Бағдарламаны жасағанда осының бәрін негізге алу қажет еді», - дейді «Ауыл» партиясының СҚОФ төрағасы Темірғали Әбілмәжінов.

Партия мүшелерінің айтуынша, мұндай кездесулер барлық өңірлерде ұйымдастырылмақ.

«Бүгін Аққайың ауданы Шағалалы елдімекенінде ауылшаруашылық тәжірибелік стансасы жұмысшыларымен және аудандық партия ұйымдарының басшыларымен кездесіп отырмыз. Бүгінгі дөңгелек үстелге партия төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысты. Халықтың ойын біліп, ұсыныстарын тыңдаймыз. Біздің пікірімізше, «Ауыл – ел бесігі» жобасына ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік тиімділігі жоғары «Еңбек», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіру қажет еді», - дейді Темірғали Әбілмәжінов.

Бұған дейін СҚО-да «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 32 жобаның жүзеге асып жатқанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар