СҚО-да ауылға баратын дәрігерлерге 1,5 млн теңге көтермеақы беріледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында медициналық мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында ауылға баратын дәрігерге – 1,5 млн теңге, Петропавлда қалатындарға 500 мың теңге көтермеақы беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы ауруханаларда болып, қондырғыларды жаңарту жұмысымен танысты. Биыл заманауи және жоғары технологиялы медициналық қондырғыларды алуға 4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 3 есе көп.

Бүгінге дейін компьютерлі томограф алынды. Облыстық ауруханада орналасқан аппарат арқылы адамның басындағы, іш құрылысындағы дертті анықтауға болады. Дәрігерлердің айтуынша, оның дәлдігі жоғары, нәтижені аз уақытта көрсетеді. Бұған дейінгі компьютерлі томограф Тайынша ауданаралық ауруханасына жеткізілді. Облысқа алынған тағы бір қымбат аппарат – бұрын-соңды болмаған цифрлық маммограф.Оның көмегімен қазірдің өзінде мыңға жуық қыз-келіншектен қатерлі ісіктің белгілері табылды. Бұл аппарат жоғары дәлдікпен дерттің орнын көрсетіп береді. Цифрлық маммографтың құны - 140 млн теңге.

Емханаларға соңғы үлгідегі рентген және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары орнатылды. Жыл соңына дейін ангиограф пен МРТ алынады. Мұның бәрі дертті ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл 66 жедел жәрдем машинасы сатып алынады. Оның 20-сы ауруханаларға жеткізілді.

«Облысқа биыл 170 жас маман келеді. Осы күнге дейін 50-ден аса дәрігер келді. Ауылдарға баратын дәрігерлерге - 1,5 млн теңге, қалада қалатындарға 500 мың теңге көтермеақы беріледі. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үй алуға жас дәрігерлерге 1 млн теңгенің сертификатын береміз», - деді Құмар Ақсақалов.

Бүгінде Петропавлда жаңа тұрғын үйлерден 47 пәтер дәрігерлерге дайын тұр.

Соңғы жаңалықтар