СҚО-да ауылдарды сумен қамтуға 12,5 млрд теңге жұмсалмақ

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендерді сумен қамту мәселесі өткір тұр. Бүгінде ауыл халқының шамамен 84 % ғана орталықтандырылған желіден су алады. 226 елді мекен таза суға зәру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде құрылыс саласындағы жобаларға арналған инвест тур онлайн өтті. Өңір басшысының орынбасары Сәтжан Аблалиев әр салаға тоқталып, қолға алынған жобаларды таныстырды. Соның ішінде сумен қамту да бар.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес елді мекендер 2026 жылға дейін 100 % орталықтандырылған су желісіне қосылуы тиіс. Мұны жүзеге асыру мақсатында жыл сайын бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 2017-2021 жылдар аралығында 915 км су құбыры төселіп, 10 мыңға жуық халқы бар 31 елді мекенге таза су жетті.

Бұдан басқа 154 мыңға жуық тұрғыны бар 183 ауылды сумен қамту жүйесі жақсарды. 6,5 мың баспанаға су үйге кіргізілді. Ал тозығы жеткен құбырлардың көрсеткіші 54,5 %-дан 42,3% дейін төмендетілді», - деді Сәтжан Аблалиев.

Биыл да өңірде елді мекендерді сумен қамтуға арналған жұмыстар жалғасты. Осы мақсатқа жыл соңына дейін 12,3 млрд теңге жұмсалады. Тиісті жұмыстар 55 елді мекенде жүргізіліп жатыр.

«22 ауылдың 14 мың тұрғыны жыл соңына дейін оң өзгерісті сезінеді. Қалғанында келер жылы жаңғырту аяқталады.

Қазіргі уақытта 240 мың тұрғыны бар 409 елді мекен орталықтандырылған су желісіне қосылған. Бұл ауыл халқының 84%. Әлі 46 мың адам тұратын 226 ауылды қосу қажет.

Келер жылға облысты сумен қамтуға 12,5 млрд теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде орталықтандырылған су желісіне қосылған ауылдардың саны тағы 4 % ұлғаяды», - деді СҚО әкімінің орынбасары.

Бұған дейін СҚО Виноградовка елді мекені тұрғындарының батпаққа айнала бастаған көлден су ішіп отырғанын айтқан едік. Ауыл халқы таза судың келуін 15 жылдан артық үміт үзбей күтіп келеді.


Соңғы жаңалықтар