СҚО-да ауыл тұрғынынан аса ірі мөлшерде марихуана тәркіленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Мамлют ауданының тұрғынан 3,5 кг марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Транзит» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Операция аясында тәртіп сақшылары Мамлют ауданындағы ауылдардың бірінің 35 жастағы тұрғынынан өсімдік тектес зат салынған 7 пакет тапқан.

Сараптама оның жалпы салмағы 3,5 кг астам кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл – аса ірі мөлшерге жатады.

Ұсталған ер адамның айтуынша, жазда оның қараусыз қалған бақшасында жабайы қарасора шыққан.

Учаскелік полиция инспекторы өсімдікті көріп, оны жою қажеттігі туралы ұйғарым шығарған.

Көп ұзамай ауыл тұрғыны учаскелік инспекторға шабылған қарасораны көрсеткен. Алайда, тұрғын оны жинап кептіріп, кейін оны өзі пайдалану үшін үйінде сақтаған.

Аталған факті «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Облыста өткізілген «Транзит» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 23 құқық бұзушылық анықталды. Оның біреуі контрабанда, екеуі аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтауға қатысты. 4 кг астам есірткі мен психотроптық заттар, оның ішінде 500 гр синтетикалық есірткі алынды», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.


Соңғы жаңалықтар