СҚО-да ауыл тұрғыны жедел жәрдем көлігін айдап әкетпек болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны мас күйде жедел жәрдем қызметінің көлігін айдап әкетпек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Есіл ауданында болған. 37 жастағы ауыл тұрғыны мас күйде орталық аудандық аурухана ауласында тұрған жедел жәрдем көлігін айдап әкетпек болған. Алайда ауладағы «ВАЗ 2121» қызметтік автокөлігіне соғылып, ұзап кете алмаған. Бұдан кейін ер адам аурухананың қызметкері – жүргізушіні соққыға жыққан. Бұзақыны шақырту бойынша келіп жеткен учаскелік полиция инспекторы ұстады.

Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбековтің айтуынша, аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бабы бойынша енгізілді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғынына көлікті мас күйде жүргізбек болғаны үшін хаттама толтырылды. Сотқа дейінгі тергеу құқықбұзушы 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын өтегеннен кейін жалғасатын болады. Жүргізушіні соққыға жығу фактісі бойынша процессуалдық шешім сот-медициналық сараптамадан кейін қабылданбақ.

Жалпы жыл басынан СҚО-да біреудің көлігін айдап кетуге қатысты 67 дерек тіркелді.


Соңғы жаңалықтар