СҚО-да ауыл тұрғыны мылтықты балалардың қолы жететін жерде сақтаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қару» жедел-алдын алу шарасы өтіп, тәртіп сақшылары 3 күннің ішінде 1300-ден астам қару иелерін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараның мақсаты - суық қаруды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу. Сондай-ақ қару-жарақтың тиісті деңгейде сақталуын қадағалау.

«Қару мен оқ-дәрілер ұрланып, қылмыс жасау мақсатында қолданылмауы үшін оларды сақтау ережелерін қатаң ұстану керек. Яғни, суық қару арнайы сейфте сақталуы тиіс. Жедел-профилактикалық шара барысында тек осы ережені бұзу бойынша ғана 60 әкімшілік хаттама толтырылды», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Жалпы, операция басталғалы тәртіп сақшылары 90 кемшілікті анықтаған. Оның 26-сы қаруды қайта тіркеу мерзімін бұзуға қатысты.

«Ғабит Мүсірепов ауданының 40 жастағы тұрғынынан еш жерде тіркелмеген 12 калибрлі «ИЖ – 58» мылтығы табылды. Сөзіне қарағанда, ер адам оны 2015 жылы танымайтын бір аңшыдан сатып алыпты. Суық қару 4 жыл бойы үйдің кіре берісінде тұрған диванның астында, балалардың қолы оңай жететін жерде сақталып келген. Жедел-профилактикалық шара аясында заңсыз сақталған 4 қару тәркіленді», - дейді Жасұлан Оспанов.


Жыл басынан облыс полицейлері суық қаруға қатысты 661 заңбұзушылықты анықтады. 411-і - қаруды сақтауға қатысты болса, 200-ден астамы - тіркеу және қайта тіркеу ережелерін бұзғандар. Сондай-ақ қаруды заңсыз сақтау және сатып алудың 39 фактісі анықталды.



Соңғы жаңалықтар