СҚО-да ауыл тұрғыны көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлікті екінші рет мас күйде жүргізген 29 жастағы ер адам ұсталды. Ол енді өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тимирязев ауданында полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп, аудан орталығы көшелерінде нөмірсіз келе жатқан «Нива» көлігін байқайды. Көлікті тексеру үшін тоқтатқан полиция рөлде отырған 29 жастағы жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрғанын анықтайды. Медициналық куәландыру оның мас екенін көрсетті.

Ер адамның 2019 жылы тамызда 3 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған екен. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Нөмірлік белгілерсіз көлікті басқарғаны үшін де материал жиналды. Баптың санкциясы бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Көлік арнайы тұраққа қойылды.

«Күдікті учаскелік полиция инспекторының назарында. Зайыбы отбасылық дау-жанжалға байланысты полицияға бірнеше рет жүгінген, алайда кейін өтініштерін қайтарып алып отырған. Сонымен қатар, мамыр айының соңында учаскелік полиция инспекторы «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ер адамның үйінен заңсыз сақталған «Mossberg» мылтығы табылып, алынды. Мылтық сараптамаға жіберілді, оның нәтижесі бойынша әкімшілік материал сотқа тапсырылады. Ер адамның Заңға немқұрайлы қарауы қылмыстық жауапқа тартылуына әкеліп соқты. Ол енді ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе басқару құқығынан өмір бойына айырылып, 5 жылға сотталуы мүмкін», - дейді Тимирязев ауданының полиция бөлімінің бастығы Талғат Кенжетаев.


Соңғы жаңалықтар