СҚО-да ауыл тұрғыны балалардың психологиялық кабинетін ашты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Саумалкөл ауылының тұрғыны мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, психологиялық қолдау кабинетін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл тұрғыны Бибігүл Мейрамова 4 баланың анасы. Негізгі мамандығы – психолог, бастауыш сынып мұғалімі болып та еңбек еткен. Кәсіп ашу бұрыннан ойында болған. Енді арманы орындалып отыр.

«2019 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курстан өттім. Күйеуім екеуіміз жылқы өсірумен айналысамыз деп шештік. «Еңбек» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жеңілдетілген несие – 4 млн теңге алдық. Бұл ақшаға 10 жылқы алдық. Қазір бұл іспен күйеуім жалғыз өзі еш қиындықсыз айналысады. Сол себепті мен өз жаныма жақын кәсіп ашқым келді», - дейді Бибігүл Мейрамова.

Әйел бұл жолы да мемлекеттің қолдауына жүгінді. Аудандық кәсіпкерлер палатасы оның психологиялық қолдау кабинетін ашу туралы жобасын құп алып, бизнес-жоспар жасауға көмектесті. Кеңесшілер істі бастағанша дейін жанынан табылды.

«Құжаттарды дұрыс жүргізу, жеке кәсіпкерлік ашу, жобаны жүзеге асыру үшін грант алу, санитарлық талаптарға сәйкестік актісіне қол жеткізу – мұның барлығы мамандардың көмегімен жүзеге асты, сол үшін алғыс айтамын. Желтоқсан айында 550 мың теңгеге жуық грант алдым. Ол қаражатқа «Сиқырлы әлем» проекциялық дизайнның бағдарламасын және керек-жарақты: құммен сурет салуға арналған үстелді, ойынға қажет заттарды алдым», - дейді кәсіпкер.

Жаңадан ашылған психологиялық қолдау кабинеті балалар мен жасөспірімдерге арналған. Мұнда арт, құм, ертегі және арнайы терапиялар бойынша қызмет көрсетіледі. Баланы дамыту үшін, оның шығармашылық әлеуетін анықтау үшін бар жағдай жасалған. Ал «Сиқырлы әлем» бағдарламасы арқылы балалар ертегі ішіне кіргендей әсер алады.

Бибігүл Өмірбекқызының кабинеті аудан орталығындағы сауда орындарының бірінде орналасқан. Маман баланы мектепке әзірлеу және репетитор қызметін де көрсетеді. Болашақта білімін жетілдіріп, көрсетілетін қызмет түрлерін де ұлғайтпақ.


Соңғы жаңалықтар