СҚО-да ауыл тұрғыны алаяқтарға алданып, 2,6 млн теңгесінен айырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, депозитіндегі 2 млн 600 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 39 жастағы әйел - Тайынша ауданының тұрғыны тегін хабарландырулар сайты арқылы жиһазын сатуға қойған. Онымен «сатып алушы» байланысқа шығып, жиһазды сатып алғысы келетінін айтқан. Ол өзінің шоты Ресей банкінде екендігін, төлем жасау үшін ЖСН мен карта нөмірін атауды сұраған. Сонымен қатар «жүк тиеушілер» келуі үшін мекенжайды айтуын өтінген. Арам ойы жоқ ауыл тұрғыны телефонның ар жағындағы әйел түбіртек толтыру үшін қажет дегесін sms-хабарламамен келген кодты да айтқан. Біраздан соң жиһаз үшін ақшаның түскен-түспегенін білу мақсатында банкке хабарласқан. Банктен оның депозитінен үш кезеңмен 2 миллион 600 мың теңгеден астам барлық жиған қаражаты алынғанын хабарлаған.

Өзінің алаяқтарға жем болғанын білген тайыншалық полицейлерге арызданды. Аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары қолға алынды.

Ал Петропавлдың 54 жастағы тұрғыны 700 мыңнан астам теңгесінен айырылды. Әйелге алаяқтар банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп қоңырау шалып, оның шотынан біреудің барлық ақшасын аударып жатқанын айтып састырған. Қаражатты сақтап қалу үшін тез арада оны басқа шотқа ауыстыруға кеңес берген. Қала тұрғыны алаяқтарға картасының нөмірі мен sms-хабарлама кодты айтқан, салдарынан депозитінде жатқан 700 мың теңгесінен айырылды.

«Қылмыскерлер түрлі айла-тәсілдерді қолданады, олардың мақсаты жәбірленушінің жеке және қаржылық деректеріне қол жеткізу. Банк қызметкерлері осындай мәселемен қоңырау соқпайтындығын адамдардың есіне саламыз. Клиенттің өзінен басқа ешкім шотындағы қаражатты басқара алмайды. Тұрғындарға ешкімге, ешқандай жағдайда банк карталарының нөмірі мен cvv-кодын, сонымен қатар карталар мен жеке құжаттардың фотосуретін жібермеуді, sms-хабарламадағы кодты айтпауды сұраймыз», -дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі полиция майоры Виталий Подчернин.

Соңғы төрт күнде СҚО-да 7 интернет-алаяқтық тіркелді.

Соңғы жаңалықтар