СҚО-да ауыл тұрғындары 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – қала мен ауыл тұрғындары арасындағы табыс алшақтығын қысқарту, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл аманаты» жобасының мобильді тобы тұрғындармен кездесуді Айыртау және Тайынша аудандарынан бастады. Жаңа жобаның мақсаты мен міндеті ауыл жұртын хабардар етті. Ең бастысы – қала мен ауыл тұрғындары арасындағы табыс алшақтығын қысқарту.

«Еліміздің экономикалық әл-ауқатының негізі – ауылды дамыту. Ауыл бәрін асырап отыр. Сондықтан бұл жоба ауыл халқына арналған. Тұрғындар жылдық 2,5% жеңілдікпен несие алуға үміткер бола алады. Сондай-ақ оларға кооперативтер құруға және техниканы лизингке алуға көмектесеміз. Мысалы, бақша егу арқылы отбасыны ғана асырап қоймай, артығын сатып жақсы табыс табуға болатынын түсіндіргіміз келеді», - деді бизнес-тренер Гүлсім Абдуллина.

Мобильді топ ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында ауыл тұрғындарына жұмыспен қамту және табысты арттыру тәсілдері туралы айтып бермек.

Айыртау ауданындағы Имантау ауылының тұрғыны Балқия Тұрлыбекова 2,5 % жеңілдікпен берілетін несие істі дамытуға жақсы мүмкіндік деп есептейді. Әйелдің айтуынша, мұндай қарызды төлеу оңай, өйткені коммерциялық банктерде артық төлем шамамен 50% құрайды.

«Күйеуім екеуміз қаржылай қолдау қорынан техника сатып алуға несие алдық. Бірақ жылдық мөлшерлемесі 6 % болды. Біз оны төлеп, құтылдық. Ал 2,5 % пайыздық көрсеткіш инфляция жағдайында тегін қарыз алумен тең. Бұл жоба кейбіріне кәсіпкерлік айналысуға серпін береді. Егер кооператив құратын болса, онда бірлесіп кәсіппен айналыса алады. Оның үстіне өнімді өткізуге көмектеспек», - дейді ауыл тұрғыны.

Тайынша ауданы Чкалов елді мекенінің тұрғындарын кооперативтер құру мәселесі ерекше қызықтырды. Ауыл тұрғындарына кооперативтердің арқасында жем-шөп пен тыңайтқыштарды арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі барлығы айтылды. Сонымен қатар, кооперативтер бірлесіп техниканы сатып ала алады. Табыс кооперативтің барлық мүшелері арасында тең бөлінеді.

«АМАNАТ» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, партия ҚР Үкіметімен бірлесіп, халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын іске асыру аясында әзірледі. Мобильді топ 19 тамызға дейін СҚО-ның 22 ауылын аралап шықпақ.



Соңғы жаңалықтар