СҚО-да ауыл қарттары компьютер мен смартфонды меңгеріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында зейнеткерлерге арналған тегін компьютерлік курс жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бескөл ауылында тамыз айында ашылған компьютерлік курстан осы күнге дейін бес адам өтіп, сертификат алып шыққан. Олардың арасындағы ең жасы үлкені – 75 жаста. Қарттар компьютерді, смартфонды қосудан бастап, күнделікті қажетті бағдарламалармен жұмыс істеуге дейін үйренді.

«Телефоным бар. Бірақ ішіндегілерімен жұмыс істеуді білмедім. Қазір фотоға түсіріп, оны басқаларға жіберуді үйрендім. Ойын ойнамасақ та, интернетті меңгергіміз келеді. Қыздар ақырындап үйретіп жатыр», - дейді 62 жастағы ауыл тұрғыны Теңдік Осипова.

Қазір компьютерлік курсқа 10 адам кезекпен келіп жүр. Олар оқытушыларының айтқанын мұқият тыңдап, ұмытып қалмас үшін маңыздыларын дәптерлеріне жазып алады. Оқу бағдарламасы екі аптаға шақталған.

«Ата-әжелер аптасына бір рет келіп, екі сағат жаңа машықтарды меңгереді. Біз оларға әлеуметтік желіде және электронды поштамен жұмыс істеуді, құжат ашып, теруді, ал, смартфонмен фотоға түсіруден бастап, түрлі бағдарламаларды жүктеуге үйретеміз. Зейнеткерлердің қызығушылығы жоғары. Курс 4 сағатқа ғана шақталса да, олар сертификат алуға асығар емес. Сабақ аяқталғанмен, әлі күнге дейін келіп жүргендері бар», - дейді компьютерлік курсты ұйымдастырушылардың бірі - Вероника Зюкина.

Бескөлдік белсенді жастар «Әлеуметтік жобалардың жәрмеңкесі» атты шағын гранттар байқауына қатысып, 500 мың теңгенің грантын жеңіп алған екен.

«Жас пен кәріге мобильді технологиялар қолжетімді» атты жобамыз жеңіске жетті. Сыйлық ретінде берілген грантқа ноутбук пен ұялы телефон сатып алып, осы курсты аштық. Байқаудың талабы бойынша біз 2 ай бойы Бескөл ауылының зейнеткерлеріне компьютерді және смартфондарды меңгеруге тегін үйретеміз», - дейді Вероника Зюкина.



Соңғы жаңалықтар