СҚО-да «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 елді мекен халқының тұрмысы жақсарады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысына «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық қазынадан бөлінген қаражат өңірдегі үш елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында биыл ел бюджетінен СҚО-на 2,1 млрд теңге бөлінді. СҚО Экономика басқармасы мамандарының мәліметінше, бұл қомақты соманың бір бөлігі алдымен 10 мыңға жуық тұрғыны бар Саумалкөл елдімекеніне жұмсалмақ. Имантау-Шалқар курорттық аймағында орналасқандықтан ауылдың болашағы зор. Қонақтар, соның ішінде шетелдік туристер жиі келеді. Былтыр жаз мезгілінде «Нұр-Сұлтан - Саумалкөл» бағытында электрпойызы жүре бастады. Болашақта елдімекенге шағын қала мәртебесін беру жоспарланған.

Қаражаттың бір бөлігі 12,4 мың тұрғыны бар, облыс орталығына тиіп тұрған Бескөл және 3,7 мың тұрғыны бар Ақжар ауданының орталығы Талшық елдімекендеріне жұмсалмақ.

Мәселен жоспар бойынша Саумалкөлде орталық қазандыққа жылу желісі тартылады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, елдімекендегі мектеп-гимназияның бассейні және Айыртау орталық ауруханасының негізгі ғимараты күрделі жөнделмек. Сондай-ақ үш мектепте ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

Бескөлде 1,7 км жылуды таратушы торабы салынып, нәтижесінде 40 үй, балабақша мен 2 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады. Ал Талшық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Бұдан басқа көлік инфрақұрылымы жақсарып, елдімекендердің көшелері жөнделіп, жарықтандырылмақ. Мамандардың айтуынша Жалпы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 300-ден астам жұмыс орны құрылмақшы.

Соңғы жаңалықтар