СҚО-да ауыл әйелдері зейнетке шығу жасын төмендетуді сұрады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Парламент депутаттарының халықпен кездесуінде әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Парламент Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колода Аққайың ауданы Астраханка ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Мақсат – ел Конституциясына енгізілетін түзетулер жайында айтып, алдағы референдум жөнінде халықтың ойын білу.

Кездесу барысында тұрғындар белсенділік танытып, мәжілісменге Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізуге қатысты көптеген сұрақ қойды. Солардың бірі – Астраханка елді мекенінің тұрғыны Гүлмира Қабанбаева әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-тен 58 жасқа дейін төмендету керек деп есептейді.

«63 жас әйел адамға көп деп ойлаймын. Әсіресе ауылдағы әйелдер тез қартаяды. Бала туады. Олардың күтімі бар. Денсаулығына байланысты 58 жас болу керек», - деді Гүлмира Қабанбаева.

Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл мәселені қарау туралы әйелдерден Парламентке күн сайын өтініш түседі. Қазіргі уақытта әйлдердің зейнетке шығу жасын төмендету бойынша арнайы құжат әзірленуде.

«Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мәселе қаралады. Ол арнайы Әлеуметтік кодекске енгізілетін болады. Қазір оны Үкімет жасап жатыр. Жыл соңына дейін құжат Парламенттің қарауына ұсынылуы тиіс», - деп атап өтті Дмитрий Колода.

Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарына 5 маусымда өтетін бүкілхалықтық референдум туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол тұрғындарды осы маңызды шараға қатысуға шақырды. Дмитрий Колоданың айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың өміріне тікелей қатысты және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов та әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі Әлеуметтік кодекс аясында талқыланатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар