СҚО-да ауыл әйелдері арасында кәсіпкерлікті дамытуға арналған семинар өтіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдық аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» жобасы аясында екі күндік семинар өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы СҚОФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудандардан келген кәсіпкерлер қаржылық сауатын шыңдап, бизнесті дамытуға бағытталған қаржылай қолдау тетіктерімен танысады.

Семинарды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Азия даму банкі ұйымдастырған.

Солтүстік Қазақстан облысы – ауыл кәсіпкерлерін жинаған алтыншы өңір. 40 әйел екі күн бойы бизнесті табысты жүргізуге қажет білім алады. Оның ішінде бизнес-жоспарды дұрыс құру, PR бизнес, маркетинг, нетворкинг – қажетті таныстықты дамытуды үйренеді және заң, қаржы аспектілерін зерделеп, зерттейді. Семинарға Азия даму банкінің өкілі Рафаэль Акуино арнайы келді.

«Атамекеннің» қолдауымен біз әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды жоспарладық. Олар өз кезегінде жергілікті экономиканы дамытуға атсалысады. Халықты жұмыспен қамтиды. Осы екі күн ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға басты кедергілерді анықтап, көмектесуге тырысамыз», - дейді Азия даму банкі өкілдігінің операциялық мәселелер бойынша сарапшысы Рафаэль Акуино.


Ұйымдастырушылар семинарға маңғыстаулық кәсіпкер Шолпан Түсіпбекованы бизнес-тренер ретінде арнайы шақырған. Ол өз тәжірибесін негізге ала отырып, мықты әрі табысты кәсіпорын құрудың қыр-сырымен бөлісті.

«Бизнесті жетістікке жеткізу үшін өзіңнің де жеке басыңды үнемі дамытып отыру қажет. Мұны бизнеске келген қыз-келіншектер түсінуі керек. Ал қалған қажетті қолдауды бүгінде кәсіпкерлер палатасы толығымен көрсетіп жатыр. Кездесуге біз түрлі қаржы ұйымдарының өкілдерін де шақырдық. Олар өз өнімдері жайында айтады», - деді Шолпан Түсіпбекова.

Аққайың ауданының тұрғыны Әсем Тұрсынбаева - өз кәсібін енді бастап жатқандардың бірі. Ол керме төбе монтаждайтын фирма ашқан. Әсем - «Бастау Бизнестің» түлегі.

«Бастау Бизнес» жобасы бізге жол ашты. Сол жерде алған білімімді қолданып, жеке кәсіпкерлікті іске қостым. Грантқа қондырғы сатып алдым. Маусым айынан бері жұмыс істеп жатырмын. Қызметіме сұраныс бар. Бұл семинарда өз кәсібімді дамытуға қажет білім алғым келеді», - дейді Әсем Тұрсынбаева.

Мамандардың мәліметінше, СҚО-да 290 мың әйел тұрады. Оның 44 мыңы - өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Өңірдегі 37 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің 45%-ын қыз-келіншектер басқарып отыр.

Соңғы жаңалықтар