СҚО-да ауыл әкімі қоластындағы қызметкерінің қылығы үшін сөгіс алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметші тұрғындардың өзіне сеніп тапсырған қаражатын қалтасына басып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің СҚО бойынша өкілдігінің мәліметінше, Жамбыл ауданындағы Троицкий ауылдық округі әкімң аппаратының бас маманы алаяқтыққа жол берген.

Мемлекеттік қызметші былтыр ауыл тұрғындарынан көлік салығын төлеу үшін бірнеше мәрте ақша алған. Алайда бұл қаражат жергілікті бюджет есебіне түспеген. Бас маман өзіне сеніп тапсырылған ақшаны қалтасына басыпты. Жалпы сомасы – 98,5 мың теңге.

Болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін мемлекеттік органдарға шара қолдану ұсынылды. Мәселен аудандық және ауылдық округтердің қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамамен таныстырып, олардың жауапкершілігін, тәртіптілігін нығайтатын жұмыстарды қолға алу.

«Қазіргі уақытта елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда жазалау шараларынан қылмыстың алдын алуға ауыстырылғандығын ескерсек, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабына сәйкес ұсыныстарды қарау тиімді және міндетті шара болып отыр», - дейді СҚО Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Жақин.

Ал бағынышты қызметкерінің теріс қылыққа баруына жол бергені үшін Троицкий ауылдық округінің әкіміне сөгіс жарияланды.








Соңғы жаңалықтар