СҚО-да аудан әкімдері ауысып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО Есіл ауданына жаңа әкім тағайындалды. Басшыны аудан активіне облыс әкімі Құмар Ақсақалов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Тимирязев ауданының әкімі болған Ербол Болатұлы Сағдиев Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Iргебайұлы Ақсақаловтың өкiмiмен және аудандық мәслихаттың келiсiмi бойынша Есіл ауданының әкiмi лауазымына тағайындалды.

Ербол Болатұлы 1961 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы Есiл ауданының Өндiрiс ауылында дүниеге келдi. Мамандығы - зооинженер. Алматы зооветеринарлық институтын аяқтаған. Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiн құрылыс бакалавры бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1985 жылы Қостанай облыстық мемлекеттiк ауылшаруашылық тәжiрибелiк станциясының зоотехнигi болып бастады. Кейін 1988 жылға дейін Көкшетау облысы Көкшетау ауданының КОКП-ның 24 съезi атындағы кеңшарының зоотехник-селекционерi, бас зоотехнигi қызметтерін атқарды. Он жыл осы облыста Көкшетау ауданындағы «Қонысбай» АҚ- төрағасы болып еңбек етті. 1998-2000 жылдар аралығында Ақмола облысы Красный Яр ауылындағы «Сушы» АҚ-ның бастығы, ал 2000-2002 жылдар аралығында Ақмола облысы Зерендi ауданы әкiмiнiң орынбасары лауазымында болды. Сондай-ақ, Зерендi ауданы «Сушы» МКК-ның директоры, осы аудандағы «Қазмұнайгаз» ЖШС-ның «Сұңқар» сауықтыру кешенiнiң басқарушысы қызметтерін атқарды. 2003-2015 жылдары Ақмола облысы Зерендi, Атбасар, Сандықтау аудандарының әкiмi болып еңбек етті.

2015-2017 жылдары Солтүстiк Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкiмi болса, 2017 жылдан бастап Тимирязев ауданына басшылық еткен еді.

Бүгін түстен кейін СҚО әкімі Құмар Ақсақалов сондай-ақ Жамбыл ауданының жаңа әкімін аудан активіне таныстырады.

Соңғы жаңалықтар