СҚО-да ауа райына байланысты алдағы үш тәулікке ескерту жарияланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алдағы үш күнде антициклонның әсерінен қатты боран тұрып, аяз күшейеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының мәліметінше, өңірде ауа райына байланысты алдағы үш тәулікке ескерту жарияланды. Бұл күндері көп мөлшерде қар жауып, шығыс пен солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 23-28 метрге жетеді. 12 қаңтар күні түнде ауа температурасы 22-27 градусқа дейін төмендесе, ал күндіз 19-24 градус аяз болуы ықтимал.

«12 қаңтар күні желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетеді. Ал 13-14 қаңтар күндері облыс температурасы Салехардтан келген антициклонмен араласып, аязды күндер басталады. 13 қаңтарда түнде кей жерлерде қар көп жауып, ауа температурасы түнде минус 25-30 градус болса, күндіз 23-28 градус аяз күтілуде. Солтүстік-шығыстан соққан желдің күші секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Ал 14 қаңтар күні кей жерлерде тұман, түнде минус 29-34 градус, күндіз 23-28, кей жерлерде 31 градусқа дейін аяз болады», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Гүлзат Ғазизова.


Соңғы жаңалықтар