СҚО-да «Ата жолы» әдісін ұстанған «емші» жауапкершілікке тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер елімізде тыйым салынған «Ата жолы» ағымының әдісі бойынша жұртты «емдеген» әйелді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара барысында тыйым салынған «Ата жолы» культтік-мистикалық ағымның әдісі бойынша «емшілікпен» айналысып, адамдардың денсаулығына қауіп төндірген Қызылжар ауданы тұрғынын ұстады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 489-бабы 10-бөлігі «Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметiн қаржыландыру» бойынша хаттама толтырылды.

«Жалпы жыл басынан облыста ҚР діни заңнамасын бұзудың 16 дерегі тіркелді. Жиі кездесетін құқық бұзушылықтар интернетте діни материалдарды жариялауға қатысты. Мұнымен күресу үшін басқарма қызметкерлері профилактикалық жұмыс жүргізедіі. Білім беру мекемелерінің оқушыларымен, ұйымдардың еңбек ұжымдарымен кездесу кезінде заңнама талаптары, экстремистік ағымдардың тарапынан болатын қаупі туралы айтылады. Тұрғындардан заңнама талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз», - дейді СҚО ПД ЭҚІҚБ бастығы Руслан Жарасбаев.


Соңғы жаңалықтар