СҚО-да «Асыл мұра» ғылыми орталығының 20 жылдығына арналып мемориалды тақта ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 70-тен астам кітап пен көптеген ғылыми мақалалар мен очерктерді жарыққа шығарған «Асыл мұра» ғылыми орталығының 20 жылдығына орай мемориалды тақта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл мұра» орталығы Петропавлда 2001 жылы 1 ақпанда құрылды. Орталық қызметкерлері облыстық, республикалық және Ресей архивтерінде қолжазбаларды, мұрағат материалдарын зерделеп, көнекөз қариялармен әңгімелесіп, елге еңбегі сіңген, бірақ, солақай саясаттың салдарынан есімдері ұмыт болған, аталмай келген көптеген тұлғаларды халыққа таныстырды. 20 жылдың ішінде нақты дереккөздерге негізделген, 70-тен астам кітап пен көптеген ғылыми мақалалар мен очерктерді жарыққа шықты.

«Қожаберген жырау, Сегіз сері, Тоқсан би бабаларымыздың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы алғаш рет осы «Асыл мұра» қайраткерлерінің ізденуінің арқасында естідік. Орталық баспасөздерде Қожаберген жырау мен Сегіз серілерге байланысты айтыла бастаған жаңсақ пікірлерге де бірінші болып тоқтау салған осы «Асыл мұра» қызметкерлері болатын», - дейді СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов.

Орталық қызметкерлері, оқу-ағарту саласының ардагерлері Ғалым Қадыралин, Қайролла Мұқанов және Социал Жұмабаев Петропавлдағы облыстық өлкетану мұражайында отырып, еңбектенді. Шал ақын, Тоқсан би, Баймағамбет Ізтолин, Абылай Рамазанов, Жұмағали Тілеулин, Үкілі Ыбырай Сандыбаев, Кәкімбек Салықов, Шота-Аман Уәлиханов, Жылғара Байтоқин және т.б. туралы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген көптеген мақалалар, очерктер мен кітаптар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Олар ұлттық тарихты, халықтық дәстүрлер мен мәдениетті қайта құру ісіне үлкен үлес қосты. Орталық қызметкерлерінің өлкенің тарихын, этнографиясы мен мәдениетін зерттеуге қосқан үлестері ескеріліп, «Асыл мұра» орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай орталық орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.


Соңғы жаңалықтар