СҚО-да әскери-техникалық мектептің түлектері донор болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы әскери-техникалық мектептің түлектері «Өмірге үміт сыйла» акциясына қатысып, донор болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық акциясы былтыр наурыз айында басталды. Солтүстік Қазақстан облысы Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство қызметшілері игі іске тұрақты қатысады. Әскери-техникалық мектептің курсанттары жыл басынан он шақты рет облыстық қан орталығына келіп, донор болды.

Медициналық іріктеуден ойдағыдай өткен оннан астам шақырылушының әрқайсысы 450 мл көлемінде қан тапсырды.

«Адамдар қолынан келгенше жақсы іс істеп, ең болмағанда өздерінің жақындарына қол ұшын беруі тиіс. Статистика бойынша әрбір үшінші адам қан алмастыруға зәру болады. Баршаға аян, адамның ағзасында 5 литрге жуық қан бар. Мен бүгін өзімнің 450 мл қанымды бердім. Менің қаным адамның өмірін құтқарып қалуға көмектеседі деп үміттенемін», - деді мектеп тәрбиеленушісі Дархан Данияров.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің Қарулы күштерінің әскери қызметшілері ұдайы негізде Қазақстандағы донорлықты дамыту ісіне үлестерін қосып жүр. Облыстық қан құю орталығында атап өткендей, соңғы уақытта донорлардың қатары артқан. Адамдар негізінен әлеуметтік жауапкершілікті сезініп қан тапсырады екен.

Жастар бұл жолы облыстық қан орталығына шамамен 10 литрдей қан тапсырды.

Соңғы жаңалықтар