СҚО-да әскерге бармау үшін шекара асатындар бар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанын пысықтау мақсатында нұсқаулық-әдістемелік сабақ өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО-да әскерге баратын жігіттердің санын толтыру өзекті мәселелердің біріне айналған. Биыл көктемде өңірден 600 адам Отан алдындағы борышын өтеуге аттануы тиіс болса, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент жоспарды 91% орындап, тек 547 азаматты ғана жөнелткен. Соның ішінде Петропавлдан 217 жігіт баруы тиіс болса, оның орнына 155-і ғана кеткен.

«Жалпы өңір әскерге көктемгі шақырту бойынша жұмыстарды қанағаттанарлық аяқтады. Соның ішінде Петропавл қаласы мен Айыртау ауданы өздеріне жүктелген міндеттерді толықтай орындай алмады. Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарманың есебінде әскерге шақырылуға жататын 2739 адам тіркелген. Айыртау ауданында 137 адам бар. Алайда олардың көпшілігі әскерге баруға асығар емес», - дейді Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Айдос Рысқұлов.

Департамент қызметкерлері мекенжайларға шығып, пәтер-пәтерді аралағанымен көп жағдайда жастарды орнынан таппайды. Қазір полицияда 759 адамның тұрғылықты жерін анықтап беру бойынша сұраным жатыр. Тәртіп сақшылары олардың тек 212 ғана тауып берді. Әскерге шақырылуы тиіс жастардың арасында шетел асып кететіндер бар екен.

Жиында айтылған мәселелердің бірі – аудандық әскери шақыру комиссияларында дәрігерлердің жетіспеушілігі.

«Медициналық комиссия сапасыз жүргізіледі. Салдарынан эпилепсия, гемофилия, шизофрения, тағы басқа ауруларға шалдыққан азаматтар әскерге шақыртылады. Биыл көктем айында Есіл ауданынан туа біткен жүрегінің кемістігі бар 20 жастағы жігіт әскер қатарына жіберілген. Әрине, ол кейін қайтарылды», - дейді СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Талғат Әліқұлов.

СҚО-да күзгі мерзімді әскерге шақыру желтоқсан айына дейін жалғасады. Өңірден 500 адам сарбаздар қатарын толықтырмақшы.




Соңғы жаңалықтар