СҚО-да «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» енгізілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» енгізілді. Енді әр тұрғын өңірдегі бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» әркім үшін түсінікті етіп жасалған. Бұрын бөлінген қаражат және жүргізілетін жұмыстардың техникалық сипаты, аяқталу мерзімі туралы ақпаратқа қол жеткізу қиын болса, енді мұның бәрі осы картада көрсетілген.

«Мемлекеттік органдардың ашықтығын және ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға бағытталған картада ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауындағы бастамалар толығымен көрініс тапты. Осы бағытта Департаментпен, облыстық әкімдікпен бірлесе ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта картада 1204 бюджет жарияланды, 957 ұйым тіркелді және 3 шағым келіп түсті. Олардың барлығы мемлекеттік органдармен дер кезінде қаралды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының хабарлауынша, интерактивті картаны пайдаланушыдан Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде бөлімдік жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау балдарының қасақана кемітілуі, сондай-ақ былапыт сөздердің қолданылуы туралы шағым келіп түсті. Мүдделі органдар тарапынан ресми жауап дайындалып, интернет-ресурсқа орналастырылды. Айта кету керек, шағымда келтірілген деректер расталмады.

«Интерактивті карта азаматтық бақылау институтын нығайтуды, сонымен қатар тұрғындардың бюджет қаражатының игерілу процестеріне араласу белсенділігін арттыруды көздейді. Жоба сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алудың про-активті үлгісі екендігін ерекше атап өтемін. Осылайша мемлекеттік органдар халық алдында есеп беріп, мемлекеттік аппарат пен тұрғындар арасында тікелей, кедергісіз, ең бастысы ашық диалог орнайды. Сондай-ақ, жоба парасатты инфрақұрылым құрудағы маңызды қадам», - деп атап өтті Нұрлан Жахин.

Айта кетсек, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» (www.publicbudget.kz) елімізде «Адалдық алаңы» жобасы аясында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бюджетін пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында енгізілді. Бұл - «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ бастамасымен және Нидерланды елшілігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.

Соңғы жаңалықтар