СҚО-да аса қажет дәрігерлерді даярлауға бюджеттен қаражат бөлінді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басында 285 дәрігер жетіспесе, қолға алынған шаралардың нәтижесінде медициналық кадрларға деген сұраныс 65 пайызға қысқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жылдың басында Петропавлдағы емдеу мекемелеріне 229, ауылдық жерлерге 56 маман қажет болған. Маман тапшылығын жою мақсатында СҚО мәслихатының шешімімен өткен жылдан бастап Петропавлға келген дәрігерге 1,5 млн теңге, ауылға барған маманға 2,5 млн теңге бір реттік көтермеақы беріле бастады.

«Бұдан басқа жас мамандарға «Дәрігерлер үйінен» арендалық баспана беріледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлері «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына және «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса алады. Ал медициналық ұйымдар келген мамандардың арендалық баспана төлемақысының 50 % жабады. Балаларын балабақшаға, жұбайларын жұмысқа орналастыруға көмектеседі», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл СҚО-ға 185 дәрігер, оның 127-сі қалаға, 58-і ауылға келді. 77-сі медициналық жоғары оқу орнының түлектері. 108-і өзге өңірлерден қоныс аударған тәжірибелі мамандар.

«Келген дәрігерлердің 101-і тар бейінді маман, 84-і – амбулаторлық-емханалық қызметтің дәрігері. Бүгінге дейін 117 қызметкер, соның ішінде 117-сі 1,5 млн теңге, 47 дәрігер 2,5 млн теңге көтермеақы алды. Былтыр облысқа 108 дәрігер келіп, оларға 220,5 млн теңге көтермеақы алды. Тағы 150 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көтермеақыға қол жеткізді. 2019 жылдан бастап облыстық әкімдік тар бейінді мамандарды резидентурада оқыту үшін бюджеттен қаражат бөліп келеді. Үш жыл бұрын оқуға түскен 77 резиденттің былтыр 31-і оқуын бітіріп, 23-і қайтып оралды. Қалғаны бюджет ақшасын қайтарды. Биыл 46 резидент оқуын аяқтады. Олардың 31-і жұмысқа орналасып істеп жатыр, 10-ы бюджет ақшасын қайтарды, қалған бесеуіне сотқа дейінгі талап жіберілді», - дейді Гүлнар Қалиева.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта Астана медициналық университетінде 148 резидент білім алып жатыр. Олардың 60-ы келер жылы, 2024 жылы 28-і келмек.

Биыл облыстық әкімдік аса қажеттілік тудырған 16 мамандық бойынша 60 резидентті оқытуға ақша бөлді. Осы жұмыстардың нәтижесінде СҚО-да медициналық кадрларға деген сұраныс 64,9 % азайды.


Соңғы жаңалықтар