СҚО-да ас тұзын өндіретін кәсіпорын ашылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Инвестицияны және бизнесті қорғау» жобасы аясында кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, «Инвестицияны және бизнесті қорғау» жобасы бір жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсенің қызметкерлері кәсіпкерлермен бірге бизнес-жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінен өтеді. Яғни рұқсат құжаттарды алудан бастап, кәсіпорынды іске қосу және оның кейін тұрақты жұмыс істеуі – бәрі бақылауда болады. Мұның бәрі тегін жүргізіледі. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде жемқорлыққа жол бермеулері керек», - дейді департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жақин.

Облыста 143,5 млрд теңгеге 16 жергілікті және шетелдік кәсіпкерлермен келісімге қол қойылды. Кәсіпкерлер өз мәселелерімен жобаның фронт офистеріне келе алады. Бір жылдың ішінде өңір кәсіпкерлерінен 54 шағым түскен.

Солардың бірі - «Жақсы тұз Петропавл» ЖШС. Директорының айтуынша, облыс әкімдігі жер қойнауын пайдалануға жер учаскесін беруге бас тартқан.

«2016 жылдың сәуір айынан бастап серіктестіктің ШүУәлиханов ауданындағы Теке көлінің маңында ас тұзын өндіруге келісімшарты бар. Жер қойнауын 25 жыл пайдалана алады. Алайда іске кірісу үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат алу керек», - дейді ЖШС өкілдері.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін бар материал қайта қаралып, жер бойынша комиссияның отырысында «Жақсы тұз Петропавлға»Теке көлінің маңынан жер учаскесін беру туралы шешім қабылданды.

Ас тұзын өндіретін зауытты іске қосуға 1,95 млрд теңге инвестиция құйылмақ. «Жақсы тұз Петропавл» ЖШС бас директоры Ерік Әзеновтың айтуынша, жоба жүзеге асқан жағдайда жылдық еңбекақысы 900 мың долларды құрайтын жаңадан 150 жұмыс орны ашылмақшы.

Соңғы жаңалықтар