СҚО-да Artemia salina шаянын заңсыз жолмен аулағандар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Artemia salina шаянын заңсыз аулап, 5 қабын артып әкетпек болғандарды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың жедел уәкілдері мен табиғатты қорғау полицейлері Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің жағасында Artemia salina-ны аулаған браконьерлерді көреді. Оқиға орнына келген аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы үш ер адамда аулауға рұқсат қағазының жоғын анықтады. Қызыл шаян фармацевтика мен косметика өндірісінде қолданылады. Аса құнды шикізат болып есептеледі.

Экологиялық қылмысқа күдіктілердің бірі - 37 жастағы Тайынша ауданының тұрғыны, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының 31 жастағы тұрғындары ұсталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. «ВАЗ-21140» автокөлігі, аулауға арналған құралдар мен 5 қап биологиялық зат тәркіленді.

«Үлгілер сот-сараптамалық зерттеуге жіберілді. Оның нәтижесі бойынша облыс табиғатына келтірілген шығынның сомасы белгіленеді. Аудан аумағында ерекше қорғалатын табиғи аймақ - Мамлют қорығы орналасқан. Биоресурстарды қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. Экологиялық қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіледі», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Пётр Климов.



Соңғы жаңалықтар