СҚО-да арнайы жасақ офицерлері әйелдерді босандыруды үйреніп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Жедел әрекет ететін арнайы жасақ офицерлері экстремалды жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша апталық курстан өтті. Оның барысында арнайы жасақ қызметкерлері әйелдерді дұрыс босандыру жолдарын да игерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы жасақ офицерлері апталық курс аясында түрлі жарақаттар, сүйектің сынуы, қан кету, күйік пен үсік шалу және тағы да басқа жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді.

«Жедел әрекет ететін арнайы жасақ офицерлері шұғыл жағдайларға бейімделген: олар бұған дейін парашютпен секіріп, қажет болса суға да бірден сүңгіп, көмек көрсете алады. Жауынгерлер көктемгі су тасқыны кезінде қар суынан мүлік пен малды құтқаруға тәулік бойы көмектесіп, халықтың ризашылығына бөленді. Енді манекеннің көмегімен босандыру процесіне қатысқан қызметкерлер ер адамның қолынан келе бермейтін машықты игеріп жатыр. Курсқа қатысқан сегіз қызметкер босандыру жайлы түсінік алып, практикалық дағдыларды меңгерді. Босандыру процесін нағыз туу залындағы құбылысты көрсететін манекенде үйренді», - дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Арнайы құрылым қызметкерлері кез келген уақытта және ауа райына қарамастан, түрлі шақыртулар мен штаттан тыс жағдайларға дайын болуы қажет. Барлық сабақтар дәрігерлік тәжірибенің әр жағдайына орай симуляторлармен жабдықталған медициналық оқу орнының кабинеттерінде өтті.

«Лекциялардан кейін қызмет өткеру кезінде, тұрмыста қажет болатын шұғыл көмек бойынша практикалық сабақтар өткізілді. Яғни, бұл көмек шұғыл түрде жүрек тоқтаған, күйік пен үсік шалған, уланған кезде қажет. Өткізілген сабақтардан кейін қызметкерлер толық көлемде медициналық көмек көрсете алады», - дейді облыстық балалар ауруханасының анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Жақыпов.

Курс аяқталғаннан кейін ЖҚАЖ қызметкерлеріне парамедиктің арнайы сертификаты табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар