СҚО-да арнайы қызметтердің көлігіне жол бермегендер жазаланып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары автокөлікке жол бермейтін жүргізушілерді анықтау бойынша рейд өткізіп, 3 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік жүргізушілерінің басым бөлігі шақыртуға асығып бара жатқан арнайы қызметтердің машиналарын өткізіп жіберуге тырысады.

Өйткені жедел жәрдем, өрт сөндіру, құтқару, полиция – адам өміріне араша түсетін қызметтер үшін әрбір минут маңызды.

Бірақ, арнайы жарық және дыбыс сигналдарын іске қосып, асыққан мұндай көліктерді өткізбейтіндер де бар. Олар рейд барысында анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Арнайы көліктердің қозғалысына басымдық бермеген жүргізушілер жазаланды. Рейд барысында бұл жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін білмейтіндігі анықталды. ҚР жол қозғалысы ережесінің 6-тарауына сәйкес, жедел және арнайы қызметтiң көлiк құралдарының жүргізушілері кезек күттiрмейтiн қызметтiк тапсырманы орындауы кезiнде, қозғалыстың басқа қатысушылары алдында басымдыққа ие. Бірақ олар өздеріне жол берілгендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана басымдықты пайдалана алады. Жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы бар көлік құралдары жақындаған кезде жүргізушілер кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету үшін жолды босатуы тиіс», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны штабының бастығы Оксана Попова.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада медициналық қызметтің «Нива» маркалы көлігі Жамбыл-Ғабит Мүсірепов көшелерінің қиылысында Volkswagen көлігімен соқтығысты.

Осындай жол апатының алдын алу мақсатында патруль полицейлері үнемі рейдт өткізіп тұрады.

Осы жолы бір сағат ішінде тәртіп сақшылары «Арнайы жарық және дыбыс сигналдары iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу» бабын бұзудың бірден үш дерегін анықтады.

Жалпы жыл басынан облыс жолдарында жедел және арнайы қызмет көліктеріне жол бермеудің 15 дерегі анықталды.


Соңғы жаңалықтар