СҚО-да әр ауданда үй жануарларын уақытша ұстау пункттері салынбақ

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында аудан орталықтарында үй жануарларын уақытша ұстау пункттері салынады. Құрылысты бастау үшін осы мақсатқа жер учаскелерін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, аудандық және Петропавл әкімдігі үй жануарларын уақытша ұстау пункттеріне жер бөлуі тиіс. Қызылжар ауданы Бескөл ауылында тиісті учаске анықталып, 0,19 га берілді. Эскиздік жобасы да дайын.

Бұдан басқа Тайынша, Аққайың және Мағжан Жұмабаев аудандарында да жұмыс басталып кетті. Жер комиссияларының отырысында қажет учаске анықталды.

Қазіргі уақытта үй жануарларын уақытша ұстау пункттерін ангар тәріздес етіп салу мәселесі қаралып жатыр.

Мамандардың айтуынша, бүгінде СҚО-да қаңғырған үй жануарларына арналған үш панажай бар. Петропавлдағы «Белый Бим» 400 итті қабылдай алады, «Исаков Андрей» жеке қайырымдылық қорының панажайы 300 мысық пен 500 итке арналған. Ал Қызылжар ауданы Вишневка елді мекеніндегі «Шанс на жизнь» деп аталатын панажай 500 итті қамқорлыққа алған.

Бұдан басқа Петропавлда «Верный друг» және «Фауна» деп аталатын жануарларды қорғау ұйымдары жұмыс істейді.

Полиция органдарының дерегі бойынша, СҚО-да иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін былтыр 780 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 558 ескерту алса, 222 адамға айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар